Ескерткіштің түрі: Қала құрылысы және сәулет
Ескерткіштің мерзімі: 1941-1945 жылдар
Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, қалалық бейіт
Тарихи мәлімет: Ұлы Отан соғысы өткен 1941-1945 жылдары Ақтөбе қаласында Кеңес армиясының жараланған жауынгерлеріне медициналық көмек көрсететін бірнеше госпитальдер орналасты. Ауыр жарақаттан көз жұмған жауынгерлер қалалық қорым, бауырластар зираты осы жерге жерленді.
Ескерткіштің сипаттамасы: Бауырластар зиратында 3 метрлік мұңды үнсіз қатып тұрған жауынгер гипс мүсіні орнатылған. Мүсін биіктігі 0,80 м болатын бетоннан жасалған екі сатылы гранит тұғырда орнатылған. Мүсіннің жанында, 38 жауынгердің есімі қашалып жазылған мәрмәр тақта бекітілген тас белгі бар. Жанында екінші бауырластар зираты орналасқан. Құлпытас үш сатылы бетон тіктөртбұрыш түрінде жасалған. Құлпытастың жоғарғы тақтасында бетоннан бедерленіп «Вечная слава героям» деп жазылған. Құлпытастың бірінші сатысында 24 жауынгер тегі бар металл кесте бекітілген.
Ақтөбе қаласындағы бауырластар зираты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл аймақтарының тарихи қызметін айқындайтын маңызды мемориалдық кешендердің бірі. Соғыс кезінде Ақтөбе стратегиялық тұрғыда госпитальдық база ретінде қалыптасып, майданнан жеткізілген ауыр жаралы жауынгерлерді емдеу орталығына айналды. Алайда медициналық көмектің мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, көптеген сарбаздар осы жерде көз жұмып, бауырластар зиратына жерленді. Бұл нысан тек жерлеу орны ғана емес, сонымен бірге соғыс жылдарындағы адам шығынының ауқымын, тылдағы халықтың жанқиярлық еңбегін және тарихи жадыны сақтаудың маңызын көрсететін символдық кеңістік болып табылады.
Бауырластар зираты (Ақтөбе қаласы) // Wikipedia : ашық энциклопедия. – URL: https://kk.wikipedia.org/wiki/Бауырластар_зираты_(Ақтөбе)
Ақтөбе газеті: https://aqtobegazeti.kz/?p=163477