Ескерткіштің түрі: монументтік өнер құрылысы
Ескерткіштің мерзімі: 1977 жыл
Орналасқан жері: Байғанин ауданы, Қарауылкелді ауылы, Барақ батыр көшесі 52, Мәдениет үйінің алды
Ескерткіштің сипаттамасы: Ұлттық киімде, басына бөрік киген, ұлттық музыкалық аспап – домбыраны қолына ұстаған бюст гипстен жасалып қола бояумен боялған. Бетоннан жасалған және мәрмәрмен боялған тікбұрышты пішінді тұғырға орнатылған. Бюсттің биіктігі – 2 метр. Тұғырының өлшемдері – 1, 70 см. x 0,80 см. Тұғырда орыс тілінде «Н. Байганин» деген жазуы бар.
Сәулетші: Жанысбеков Т., мүсінші:Серкебаев В.
Тарихи мәлімет: Байғанин Нұрпейіс (1860-1945) – халық ақыны, Қаз. КСР – нің еңбек сіңірген өнер қайраткері.
Нұрпейіс бала кезінен-ақ ән салып, домбыра тартқан анасы Үміттің ықпалы мен қолдауымен поэзияға бейімділік танытты. Ол өте ерте жастан айтысқа қатысатын ақындар өнеріне қосылып, халықтық батырлық эпостарды үйренді. 16-17 жасынан-ақ «бала жыршы» атанады. Нұрпейіс Темір, Ойыл, Ырғыз, Орал жәрмеңкелерінде «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» атты жырларды жырлаған.
Байғаниннің революцияға дейінгі репертуары негізінен батырлықты, адамгершілік пен адалдықты, әділдік пен ізгілікті дәріптейтін, халық сүйіп тыңдайтын эпостық жырлар. Эпостық жырларды айтумен қатар, дайын сюжеттерді пайдалана отырып, халықтық, әлеуметтік мәселелерге арналған «Ақкенже», «Нарқыз» сияқты өз туындаларын шығарды. «Ақкенже» дастанында қазақ әйелдерінің тағдыры сол кезеңдегі нақты өмір мәнімен үндес, жан-жақты суреттеледі. «Нарқыз» – қазақ әйелдерін бостандыққа шақырған, идеясы анық, көркемдігі жоғары шығармаларының бірі. Байғанин Нұрпейістің дастан, эпостық жырларынан басқа да сатиралық өткір, қысқа өлеңдері және «Кектің дауысы», «Қазақбаймен айтыс» сияқты көлемді шығармалары бар.
Ақын жыр алыбы Жамбыл сияқты Қазақстанның біраз жерлерін аралап, Алматы, Мәскеу қалаларында болып, ертеден келе жатқан жыраулық дәстүрді халқына қайта тарту етті. 1938 жылдан бастап Байғанин Нұрпейіске әдеби хатшы белгіленіп, ақын шығармаларын М. Хакімжанова, Қ. Шаңғытбаев, Е. Ахметов, тағы басқа ақындар ұқыпты түрде дер кезінде қағазға түсіріп отырды. 1939 жылы Нұрпейіс Байғанин Жазушылар одағына қабылданды.
1939 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен, 1940 жылы Құрмет Белгісі орденімен марапатталған.
Сілтемелер:
- «Укипедия» ашық энциклопедиясы – https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%9D%D2%B1%D1%80%D0%BF%D0%B5%D0%B9%D1%96%D1%81_%D0%91%D0%B0%D0%B9%D2%93%D0%B0%D0%BD%D0%B8%D0%BD
- Ақтөбе газеті – https://aqtobegazeti.kz/?p=5488
- Ақтөбе газеті – https://aqtobegazeti.kz/?p=91115
- Ақтөбе газеті – https://aqtobegazeti.kz/?p=159483
- Диапазон газеті – https://diapazon.kz/news/133185-nurpeis-baiganin-akin-ispolnitel-geroicheskih-eposov
- Әдебиет порталы – https://adebiportal.kz/kz/news/view/nurpeiis-baiganin-ult-zyrsysy__10000594