Алмат тамы кесенесі

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: ХІХ ғасыр

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылынан 22 шақырым оңтүстік-шығыста.

Зерттелуі: Ескерткішті алғаш рет 1983 жылы ҚазКСР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы архитектура-өнертану экспедициясы (жетекшісі С.Әжіғали) зерттеді. Сондай-ақ т.ғ.д., профессор С.Әжіғалидың «Ескерткіш-ел тарихы» атты кітабында және «Архитектура кочевников феномен истории и культуры евразии» атты монографиясында Алмат тамының сипаттамасы егжей-тегжейлі жазылған.

Ескерткіш сипаттамасы: Алмат кесенесі – Орта Азия елдерінде сирек кездесетін алты күмбезді аса қадірлі ұлттық қазынаның бірегейі, Бұхара, Хиуа, Сырдария бойы өнерінің жалғасы секілді. Ол ертедегі гректер мен римдіктердің әулеттік пантеондық тәрізді көп бөлікті жер асты тәсілімен салынған.

Алмат тамында жерлеу дәстүрі өзгеше. Қайтыс болған адамды ақ шүберекке орап, орталық күмбезге қояды. Оны көмбейді, мавзолейде сақталады. Келесі біреу қайтыс болғанда алдыңғысының сүйегін өзге күмбезде қазылған арнайы орынға тастайды. Жаңасын ортаңғы күмбезге қояды. 

Ғимарат Алматтың көзі тірісінде баласы Самұраттың басшылығымен 1886-1888 жылдары Хиуа, Бұқарадан шақырылған және халық шебері Жыға шебердің қатысуымен салынған. Комплекстік жобасы мен архитектурасы шешімі жағынан өте сирек кездесетін құрылыс. Кесененің солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс жақтарындағы бөлмелерін дөңгелендіре шығыңқы қалаумен өрген. Солтүстік-батыс қабырғаларының оң жақ бұрышындағы кіретін есік, оңтүстік қабырғаны бойлай аралық бөлмеден өтіп, орталық дөңгелек залға апаратын дөңестеп жабылған дәлізбен жалғасқан. Осы дөңгелек залдан мүрдеге арналған 5 бөлмеге аркалы ойықтар өтеді. Құрылыс Алмат Тобабергенұлының отбасылық мемориалы ретінде жобаланған: өзіне және бес ұлына арналған алты бөлмеде сағана бар.

2022 – 2023 жылдары ескерткіш толық қалпына келтірілді.

Тарихи мәлімет: Алмат Тобабергенұлы — атақты Тама Есет пен Табын Бөкенбай батырмен үзеңгілес болған Киікбай батырдың ұрпағы. Алмат әулетінің тағдыры – үлкен мәнді тарих.

Алмат 1804 жылы дүниеге келген. Өзінің алғырлығымен, іскерлігімен замандастары арасында жастайынан үлкен беделге ие болған. Жас күнінде Ресей мен Бұхар, Хиуа, Қоқан хандықтары арасындағы сауда керуендеріне ілесіп, орыс тілін үйренген. Одан бөлек аталған мемлекеттерге орыс өкілдігі атынан дипломатиялық миссияларға қатысқан. 1830-1846 жылдары Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтарында бірнеше рет болыпты. Әрине, мұндай маңызды әрі қауіпті, тәуекелді қажет ететін сапарларға ел-жер жайын жақсы білетін, тіл білетін, адамдармен қарым-қатынасты жолға қоя алатын жандар таңдап алынатыны белгілі.

Сондай-ақ Алмат Тобабергенұлы патша шенеуніктері мен Кенесары хан арасында жүргізілген келіссөздерге де араласқаны туралы мәлімет бар.

Алматтың ең алғашқы қолға алған әлеуметтік шарасы – жерге иелікті сақтау үшін елді отырықшылыққа тәрбиелеу болды. Осы жоспарын іске асыруды көздеп, өз бас болып, 1840 жылдары осы күнгі Ырғыз және Әйтеке би аудандарының аумағында бірнеше қалалық үлгідегі жобамен қаңылтыр төбелі үйлерді салғызады.

Алмат Тобабергенұлының патшалық Ресейге қызметіне келсек, ол 1846 жылы түтін салығын жинау тобының жетекшісі, 1851 жылдан 1869 жылға дейін Орынбор губерниясы №54 дистанциясының бастығы, ал 1869 жылдан 1875 жылға дейін Қожакөл болысының басқарушысы болды. Осы жылдарда бірнеше рет Станислав лентасы, алтын медаль, т.б. марапаттарға ие болған. Ал 1849 жылы оған орыс қауымындағы дворян дәрежесіне тең атақ берілген.

Алмат Тобабергенұлы 1892 жылы қайтыс болды.

Сілтемелер:

  1. Ақтөбе газеті — https://aqtobegazeti.kz/?p=66512
  2. Ақтөбе газеті — https://aqtobegazeti.kz/?p=149476
  3. Ақтөбе газеті — https://aqtobegazeti.kz/?p=112111
  4. Диапазон газеті — https://diapazon.kz/news/128557-starinnii-mavzolei-v-stile-buhari-i-hivi-otrestavrirovali-v-irgize