Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басы
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Ебейті ауылынан солтүстік батысқа қарай 19 шақырым 400 метр
Зерттелуі: Абдолла хазірет мешіті туралы «Алтын Орда», «Ақтөбе» және т.б. бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше зерттеу материалдары жарияланды.
Қысқаша анықтамасы: Мешіт Сағыз өзенінің оң жағалауындағы суайрықтың жоғарғы жағында орналасқан. Мешіт ел арасында «Көк мешіт» аталады. Бұлай аталу себебі – оның қабырғалары Самарханнан әкелінген көк тастан қаланады. 1914 жылдан бастап балалар оқи бастайды. 1918 жылға дейін Абдолла хазірет өзі имам болған. Мешіт 1930 жылдар шамасында талқандалып, кірпіштері түрлі құрылысқа пайдаланылған.
Оңтүстігінде шамамен 245 м жерде үлкен қорым бар, оның негізгі бөлігін әртүрлі пішіндегі қоршаулар мен ұсақ қорғандар алып жатыр. Кейбір нысандарда құлпытастар орнатылған.
Аңыз әңгіме: Абдолла хазірет Жаналыұлы 1855 жылы дүниеге келіп, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы территориясына қарасты Шибұлақ деген жерде мешіт ұстап, балалардың діни сауатын ашқан. Орынбор татарларының мешіттерінде мұсылманша сауат ашып, Уфа қаласындағы Ислам медресесінде оқып, Бұхара жоғарғы мектебінде ілімін толықтырған. Орта Азия діни бірлестігінің ғалымдары оның білімділігін жоғары бағалап, «Хазірет» атағын қосып, Абдолла Хазірет деп атаған екен.
Оның ілімдері негізінде құранмен тәлім беріп, рухани тәрбие, математика жағрафия табиғат тазалығы, т.б. дүниетаным сабақтарын оқытқан. Ол тек діни сауатты ғана емес, жан-жақты білімдар ғалым болған. Келешегін болжай алар көреген, дуамен дем салар тәуіп, тарихат жолын толық меңгеріп бойына қасиет дарыған әулие. Бойына жаман дүние дарытпаған, ойына арам ниет жолатпаған, Алланың ақ жолынан адаспаған, сол кездегі қариялардың естеліктерінде Абдолла хазірет Қазақстанның батыс өңірінде ислам әлемі ғылымын дамытқан ғалым екендігі дәлелденеді.
Ол 1918 жылдың басында халық арасына төніп келе жатқан зобалаңды сезіп, «Алла мына босатын өкіметті бізге көрсетпей-ақ қойсын» деген екен. Әулие, айтқаны келіп, сол 1918 жылдың соңына жетпей көз жұмыпты.
Абдолла хазірет «Көк мешіттің» аумағына жерленген.
Сілтеме:
- Ақтөбе газеті – https://aqtobegazeti.kz/?p=13048