Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: XIX ғасырдың ортасы
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Құрылыс ауылынан батыс-оңтүстік батысқа қарай 2 шақырым 600 метр.
Зерттелуі: Ескерткішті алғаш рет 1980 жылы ҚазССР Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» Бірлестігінің экспедициясы (жетекшісі С.Әжіғали) зерттеді. 2009-2011 жылдары кесене қайта қалпына келтірілді. Этнолог, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдерінің Халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі – Лондонда жарық көрген «Қазақ киіз үйі» кітабында деректер келтірілген.
Қысқаша анықтамасы: С.Е. Әжіғали Жаныс тамына «Қазақ даласында сақталып қалған сегіз қанатты киіз үй тәрізді кесене» деген анықтама берген. Сегізқырлы симметриялы кесене. Күмбезі пирамида тәріздес сатылап қаланған. Қабырғалары күйдірілген кірпіштен саз балшық араластырылып өрілген. Кесенені Жаныс би көзі тірісінде халық шебері Мейірбекке салдырған. Кесене аса көрнекті жерге басқа кесенелерге ұқсамайтын шеберлікпен салынған.
Аңыз әңгіме: Жаныс Сығайұлы 1769-1867 жылдары өмір сүрген, табиғатынан ақылды әрі шешен, болмысында әруақтылық, сүйегінде әділдік қасиеті болған би. Ел Жанысты – сардар, дана би атаған. Ырғыз өңірінде ел басқару ісіне ерте араласып, билік құрған. Ел мен ел, ру мен ру арасындағы үлкен даулардың төбе биі болған. Жаныс Құламан тайпасының Алтай тармағының ресейлік патша өкіметі құптаған мөрі болған. Мөр өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін сақталған.
Бұл кесенені жергілікті халық «Қызыл там» деп атап кеткен. Бұл кесене ғибадат орыны. Жаныс би кесенесі қасиетті орынға айналды. Ұзақ жолға шығатындар, тілек-шарапат күткенде әулие, би атасының мазарына келіп, әруағына бас иеді, сырқаттар түнейді.
Сілтемелер:
- Ақтөбе газеті – https://aqtobegazeti.kz/?p=149476
- Ақтөбе газеті – https://aqtobegazeti.kz/?p=70848