Қызылтам кесенесі

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: XVI-XVII ғасырлар

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Қос-Естек ауылынан 12,6 км оңтүстік-батыста.

Зерттелуі: Ескерткіш туралы алғашқы деректер Я.Я. Полфёровтің 1896 жылғы Торғай газетінде жазған «Среди киргизских могил» мақаласында, XX ғ. басындағы И.А.Кастаньенің жазбаларында және 1984 жылғы ҚазССР-і тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының Ақтөбе экспедициясының (жетекшісі – С.И. Әжіғалиев) зерттеулерінде кездеседі.

Қысқаша анықтамасы: Қобда–Елек тобына жататын көрнекті ескерткіштердің бірі – Ақтөбе қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 55 километр қашықтықта, Қарғалы су қоймасының жағасында орналасқан. 1984 жылғы зерттеулер бойынша кесене жоспары бойынша шаршыға жуық (6,05×6,05 м). ХХ ғасырдың басындағы И.А. Кастаньенің тіркеу деректеріне қарағанда, кесене аркалы тромптарға негізделген қос күмбезді болған. Сыртқы күмбезі, жоғарыда аталған кесенелер сияқты, шатырлы болған болуы ықтимал.

Ескерткіш күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, оның өлшемдері 24×24×5,5–6 сантиметр шамасында, бұл жағынан Абат-Байтақ кесенесі құрылысымен де ұқсастық байқалады. Бүгінгі күнге дейін кесененің тек солтүстік-солтүстік-батыс қабырғасы ғана сақталып қалған. Ескерткіштің ең жоғары сақталған биіктігі – 3,75 метр.

Аңыз-әңгіме: Я.Я.Полферовтың жазып алған аңызы бойынша Қызылтам кесенесінің пайда болуы XVII ғасырдың басындағы Хиуа ханы Араб-Мұхамедтің қалмақтың Бадмай атты қолбасшысының қызына сәтсіз құда түсуі тарихымен байланысты. Аңызда айтылғандай, бір күні Бадмай ордасына бұрынғы жауы Араб-Мұхаммед ханның елшілері келеді. Сән-салтанаты келіскен, арғымақ мінген, асыл киім киген елшілер өздерімен бірге бағалы сыйлықтар — кілемдер мен сан түрлі бұйымдар артылған он ақ түйені жетелей келеді. Сый-сияпат тарту етіліп, ойын-сауық ұйымдастырылып болғаннан кейін, елшілер өз хандарының Бадмайдың қызы Уйляға құда түсіп келіп отырғандығын жеткізеді.

Алайда қалмақтың қызы Уйляның өзінің сүйгені болатын. Құда түсіп келген қонақтар мен ауыл түгел ұйқыға кеткен кезде Уйля өзінің сүйгені Зайсамен бір төбенің басында кездесуге келіп, өзінің Хиуа хандығына ұзатылатындығын жеткізеді. Зайса бұған жол бермей, қызды алып қашатындығын айтып жатқан кезде, жоқ жерден Бадмай пайда болып, екеуінің арасында айқас орын алады. Уйля есін жиып, екі ердің арасына араша түседі. Бірақ, осы кезде кеудесіне қанжар сұғылған қалмақ жігіті төбеден өзенге қарай домалап түседі. Сүйгенінен айрылған Уйля, әкесінің әміріне көнуден бас тартып, жігіттің соңынан жардан суға секіріп кетеді. Бадмай, Уйля мен Зайсаның денелерін судан алып шыққанға дейін, екі күн бойы, қолында қанға боялған қанжарды ұстап, бір орында қозғалмастан тұрады. Осылайша, қос ғашық жерленген жерде кесене тұрғызылады. Күйдірілген кірпіштен салынған ғимарат, алыстан қанық қызыл түсті болып көрінгендіктен, Қызылтам деген атауға ие болған.

Сілтемелер:

  1. «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі – https://kaz.inform.kz/news/aktobedegi-kaskyr-sarkyramasyna-turisterdin-kyzygushylygy-artty_a3525139/