Ойсылқара қорымы

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: XVIII- XX ғғ.

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Хромтау қаласынан 35 км оңтүстік-оңтүстік-шығыста.

Зерттелуі: Өлкетанушы Р.Ілиясованың «Қазына» атты кітабында Ойсылқара қорымы туралы біршама мәліметтер келтірілген. Автордың айтуынша сол елді мекеннің де, өзеннің де Ойсылқара атты әулиенің атымен байланысты деп келтіреді. Сонымен қатар бұл қорым 1998 жылы және 2010 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының «Батыс Қазақстанның кешенді этноархеологиялық экспедициясы С.Е.Әжіғалидің жетекшілігімен зерттелді. Ж. Кейкин «Төрт түлік» атты мақаласында Ойсылқара – ең алғаш түйе бағып, түйе атасы атанған Уайсхарра есімді араб немесе айыр түйенің ең алғашқы бурасы деген анықтамаларды ұсынады.

Қысқаша анықтамасы: Ойсылқара қорымы Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы ең ірі мемориалды-діни кешен болып табылады. Қорымның эпонимі әулие, түйенің және түйе шаруашылығының пірі – Ойсылқара болып саналады. Бұл кешен XVIII-XX ғ.ғ. басына жататын жалпы алаңы 100х170 м, шығыстан батысқа қарай созылған 150 бейіт орналасқан дәстүрлі ескерткіштерден құралған көне қорым.

Аңыз әңгіме: Ойсылқара әулиенің өмір сүрген уақыты шамамен VII-VIII ғасырлар деп айтылып жүр. ІХ-ХІ ғасырларда өмір сүрген деген де мәліметтер бар. Қариялар айтқан аңыз бойынша Ойсылқара сопылық хадисін орындаушы ретінде Сахарадағы жеті жұртты аралаған тахуа кісі екен. Пайғамбардың тірісінде жүздесу үшін екі рет барып, жүздесе алмапты. Пайғамбарымыз дүниеден өтерде сахабаларының біріне «Сахарадағы Ойсылқараға» тапсыр деп жидесін аманатқа қалдырып кеткен дейді.

Ойсылқара осы өзен жағасында дүние саларда жеті жұрт сүйегін өз жеріне әкетіп жерлеуге таласатынын біліп, жеті маяға жеті сандық артып төбе басына түнеңдер дейді. Кім бұрын оянса, соның сандығында жататынын айтады, Төбе басында түнеп, таңсәріде ұйқыдан тұрған бойы сандықты ашқандар әулиенің жатқанын көріп, маяларын жетелеп, үнсіз ғана өз елдеріне бет түзеген.  

Төрт түлік малдың пірлері саналатын Шопан ата әулие – Маңғыстауда жерленген, ал Жамбыл облысында Зеңгі бабаның күмбезі бар. Сонда түйе атасы – Ойсылқара біздің өңірде жерленген болса керек. Бірақ жер аты мен өзен атауы қай Ойсылқара атымен қойылған. Ғылымда мұны айқындайтын нақты дәлел жоқ.

Сілтемелер:

  1. Егемен Қазақстан газеті – https://egemen.kz/article/253500-oysylqara-aulie-kesheni-qorghaugha-alyndy
  2. Ана тілі газеті – https://anatili.kazgazeta.kz/news/18141