Ескерткіштің түрі: Монументтік өнер құрылыстары
Ескерткіштің мерзімі: 2017 жыл
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бестамақ ауылы, Есет батыр көшесінің бойында
Ескерткіштің сипаттамасы: Ескерткіш аумағы төртбұрышты пішінде темір шарбақпен қоршалған. Мүсінде Есет Көкіұлының ат үстінде оң қолына найза, сол қолына қалқан ұстап тұрған келбеті сомдалған. Батырдың сауыты, қылышы, садағы мен жебесі көркем бейнеленген. Ескерткіштің тұғыры бетоннан жасалып, гранит плиталармен қапталған. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 14,75 м. Ескерткіштің қасына құран оқып, садақа салатын орын салынған.
Ел тағдыры қыл үстінде тұрған заманда ат үстінен түспей, кескілескен ұрыстарға сан рет қол бастап кірген, ерлігі бүгінгі ұрпаққа дейін жеткен даңқты тарихи тұлғаның бірі — Есет батыр Көкіұлы. Оның қастерлі есімін ұрпақ ұмытпаса деген ниетпен 2017 жылы үлкен жолдың бойындағы Бестамақ ауылының тұсына ескерткіші қойылған еді. Сол жылы батыр бабамыздың 350 жылдық мерейтойы да лайықты атап өтілді. Аудан тұрғындары мен қонақтары, жол бойынан әрі-бері өткен жолаушылар осы ескерткішке арнайылап тоқтап, ата-баба рухына дұға бағыштайды. Бұл жер халқымыздың өткені, бүгіні мен болашағын тоғыстырып тұрғандай әсерге бөлейді. Сондықтан ескерткіш пен оның айналасының әсем, тартымды болуының маңызы зор. Мүсіншісі Е.Пірімбетов.
Тарихи мәлімет: Қазақтың әйгілі батыры Есет Көкіұлы туралы тарихи деректер Орынбор облыстық мемлекеттік архивінде, Санк-Петербургтегі орталық мемелекеттік архивінде, Мәскеудегі орталық мемлекеттік әскери архивінде, Алматыдағы және Ташкенгттегі орталық мемлекеттік архивінде сақталған. Орыс елші офицерлері Тевкелеевтің күнделіктерінде, Неплюевтің жазбаларында, сонымен қатар ауыз әдебиеті мен фольклорлық нұсқаларда батыр есімі кездеседі. Есет батыр өмірін зерттеуші ғалым, тарихшы Зәкіратдин Байдосұлы Орынбор орталық мемлекеттік архивінде сақталған батыр өміріне қатысты деректерді саралап, онда «1690 жылы Есет батырдың 23 жасында Тама ішіндегі Торым аталығының жетекшілігінде болғандығын» көрсетеді. Ғалымдар Есет батыр Көкіқлының бүкіл саналы ғұмырын екі кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқысы 1690-1710 жылдар аралығындағы уақыт. Бұл кезеңде батыр алға бастаған Еділ қалмақтарының әскерімен шайқасып, қазақ жері үшін төнген қауіптермен күрес үстінде жүреді. Екіншісі – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күрес кезеңі. Есет батыр әйгілі « Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерген Ұлы жеңіске өз үлесін қосады. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген батыр болады. 1743 жылы 3 шілдеде Ресей патша үкіметінің жарлығымен Есет Көкіұлына Тархан атағы беріледі.
Аңыз әңгіме: Аңыз бойынша, Есет батыр өзінен кейін ұрпақ қалдырмағаны үшін қатты уайымдаған (жалғыз ұлы шайқаста қайтыс болған), соған қарамастан ол өз тама руының атасы және далалық ақсүйек жауынгерлердің пірі болып саналады. «Есет» парсы тілінен аударғанда «сыйлауға тұрарлық», «беделді» деген мағына береді. Батырдың қайраттылығы, ержүректілігі және еліне деген сүйіспеншілігі ғасырлар бойы оның даңқын шығарып келеді. Бүгін де хас батырдың есімі жүздеген жылдар бұрынғыдай құрметке және маңызға ие.
Есет батырдың рухына зиярат етіп келушілер легі ешқашан тоқтаған емес. Тіпті Кеңес кезінде діни заттарға тыйым салынғанына қарамастан, бүкіл елден келген халық батырдың әруағына тағзым етуге және одан көмек пен қорған сұрауға келіп тұрған. Бүгінде зиярат етушілер үшін жазылмаған тәртіптер бар, олардың ең бастысы – тыныштық сақтау. Тыныштық – опат болған батырлар үшін ғана емес, тірілер мен болашақ ұрпақтар үшін де бейбітшілік пен тыныштықтың кепіл
Ақтөбе газеті – «Есет батыр Көкіұлы ескерткіші жөнделді» мақаласы: https://aqtobegazeti.kz/?p=167045
- Википедия (қазақша) – Есет батыр Көкіұлы толық өмірбаян мен қызметі: