Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: XIX ғасыр
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Жайсаңбай ауылынан солтүстік-батысқа қарай 6,4 км.
Зерттелуі: Ескерткішті алғаш рет 1983 жылы ҚазССР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы архитектура-өнертану экспедициясы (жетекшісі С.Әжіғали) зерттеді. Сондай-ақ т.ғ.д., профессор С.Әжіғалидың «Ескерткіш – ел тарихы» атты кітабында және «Архитектура кочевников феномен истории и культуры Евразии» атты моногорфиясында Дүйсенбі аһун мешіті туралы мәліметтер қамтылған.
Қысқаша анықтамасы: Дүйсенбі аһун мешіті – Солтүстік Арал маңы аймағының көрнекті ғұрыптық ескерткіші. Мешіт тікбұрышты жоспармен салынған (9,60 × 24,20 м), солтүстік-шығыс – оңтүстік-батыс осі бойымен созыла орналасқан (солтүстік–оңтүстік бағытынан ауытқуы – 40°). Ғимарат қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланған. Ғимараттың қабырғалары күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Төбе жабындысы бастапқыда арқалық-бөренелі болған, кейіннен шифермен жабылған, қазіргі уақытта толықтай қираған.
Солтүстік-шығыс жағында төбесі қаңылтыр темірмен қапталған шатырлы күмбезі бар сегіз қырлы мұнара-минарет (жалпы биіктігі 19 м) бар. Қарама-қарсы қасбетінде михраб апсидасы шығыңқы орналасқан.
Ғимараттың ішкі кеңістігі бастапқыда екі бөлмеге бөлінген. Минарет жағындағы бөлікте ағаш баспалдақ орналасса, екінші үлкен қызметтік бөлмеде михраб жанында ағаш мінбер болған.
Ескерткіштің оңтүстік және солтүстік-шығыс бөліктерін тұрғын және шаруашылық құрылыстардың қираған орындары қоршап жатыр. Олардың арасынан кірпіш күйдіруге арналған құрылыстардың іздері байқалады.
Тарихи мәлімет: Дүйсенбі аһун – сауатты, арабша оқып, молда болған, орыс тілін және теріс оқуды да білген, әулие болған. Дүйсенбі Имашұлы 1885-1886 жылдары арнайы діни медреседе оқып, елге 1904 жылы оралады. Ауыл тұрғындары Дүйсенбіге 1908-1909 жылдары мешіт ашуға қолдау көрсетеді. 1913 жылы мешіт құрылысы толық аяқталады. Үлкендер Дүйсенбіні көріпкел адам болған деседі. Мысалы мешітке біреу ауырып келе жатса, оны алдын ала біліп, сезіп отырған. «Екі періні ұстап, оны мешіттің босағасына байлап тастаған» деген аңыз бар. Үлкендердің айтуына қарағанда, ол кісі түн ішінде ақ көйлек, ақ дамбалмен мешітті айналып, кезіп жүретін болған. Бір күні қызметшісіне: «Мен кішкене көз іліндіріп алайын. Сен ұйықтамай күзетіп отыр. Ұйықтап кетсең маған қауіп төнеді» – деп ескертеді. Әлгі қызметші таң ата қалғып кеткенде, босағадағы екі пері аққу кейпіне еніп, ұшып кетеді. Міне, осы оқиғадан кейін Дүйсенбі мазасыз күй кешіп, 1920 жылы дүние салыпты.
1930 жылы мешіттің есік-терезесі алынып, төбесі ашылған. Өйткені сол Кеңес заманында мешіттерді қиратып, бұзған. Дүйсенбі мешітін Кеңес үкіметі кезінде адамдар мектеп, дүкен, қойма ретінде пайдаланып, кейіннен киесінен қорқып бос тастаған.
1953 жылы мешітті аудан басшыларының ұйғаруымен мектепке айналдырады. Есік-терезесі жоқ, төбесі ашық мешітке қажетті құралдар 320 шақырым жердегі Шалқардан жеткізіледі. Биіктігі 3 метрлік 6 есік, 2,5 метрлік 11 терезені қол арамен тіліп жасаған шалқарлық Қалауи деген кісі екен. Мешіттің ішін жөндеп, 30 балалық жатақхана қылып, 1955-1957 жылдары 7 жылдық мектеп болған.
Сілтемелер:
- «Укипедия» ашық энциклопедиясы» – https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%94%D2%AF%D0%B9%D1%81%D0%B5%D0%BD%D0%B1%D1%96_%D0%90%D1%85%D1%83%D0%BD_%D0%BC%D0%B5%D1%88%D1%96%D1%82%D1%96
- Ақтөбе газеті – https://aqtobegazeti.kz/?p=149476